Жаңалықтар
Қасіретті жылдардың зардабы
Таяуда 31 мамыр –Саяси –қуғын құрбандарын еске алу күніне орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің «Саяси қуғын –сүргін құрбандары мұражайында» «Қасіретті жылдардың зардабы» атты тарихи кеш өтті.
Ұлт мұраты жолында жазықсыз жапа шеккен атпал азаматтарды ұлықтауға арналған осынау шараға колледж директоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдахан Нұрмаханұлы Әлібек, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.О. Малибеков , Саяси қуған- сүргін мұражайы директорды Б.А. Серғазиев және орынбасары Г.А. Серікбаева және білім алушылары қатысты.
Жас ұрпақты тарихтан тағылым алуға, өткенге тағзым етуге үндейтін осынау тарихи кеште колледж директоры С.Н. Әлібек С. Үсеновтың тағдыры туралы сөз қозғаса, Б.А. Серғазиев Кеңестік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің зардаптары туралы айтып өтті. Бұл қасіретті күндердің , зобалаң заманның «ақтаңдақ» беттерін танып білу, одан сабақ алу, ұлт зиялыларын ұлықтау ұрпақ парызы екендігінде жастардың жадына салды. Кеш барсында «Алаш зиялылары» бейнефильмі көрермендер назарына ұсынылды. Сондай-ақ колледждің өнерлі студенттері сахнаны ән мен күйге бөлеп , өз өнерлерін ортаға салды. Кеш соңында мұражай директорының орынбасары Г. А. Серікбаева Алаш ардақтыларын қастерлеу бір ғана саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күнімен шектеліп қалмайтынын жеткізіп, жастарды туған тарихына құрметпен қарауға шақырды.
Кешті қортындылаған С.Н. Әлібек өңіріміздегі кеңестік тоталитарлық биліктің құрбанына айналған атпал азаматтарды зерттеп-зерделеу үдерісінің жалғаса беретінін айта келе мұражай қызметкерлеріне өз ұжымының атынан алғыс білдірді. Жастарда бұл тарихи кештен ерекше әсерге бөленіп, төл тарихымызға қатысты көп деректерді көкейлеріне түйіп қайтты.