АБАЙ ӘЛЕМІН ЖАС ҰРПАҚҚА ДӘРІПТЕУ
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінде мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбында жарияланған мақаласын талқылау жиыны болып өтті. Дөңгелек үстелге колледж директоры Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы және оқу орын оқытушылары қатысты. Ел Президенті мақаласының мазмұнына ерекше тоқталып, ондағы жоспарларды жүзеге асыру жолдары жайлы сөз қозғалды. Ұлт әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ойшылдың даналық сөздерінің қазіргі қоғам мен астасып жатқан байланысы жайлы келелі пікірлер айтылып, тың ойлар талқыланды. Сонымен қатар, Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастыру мақсатында іс-шараға қатысқан оқытушылар Абайдың жатқа бірнеше өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Қанша уақыт өтсе де ұлы ғұламаның ой-тұжырымдары қазақ елі үшін маңызын ешқашан жоймайтын, рухани азық екендігін негізге ала отырып, тұжырымды ойлар талқыға түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқандығын мәлімдеген болатын. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды дей келе, Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екендігін негізге алып ұлт руханиятын жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн деп жазды. Жиын барысында баспа бетіндегі мақаланың осындай маңызды тұстарына көп тоқталып, оқытушылар ондағы негізгі бес бағыт жөнінде пікір білдірді. Абай шығармаларындағы ғылым мен білім тақырыбына талдау жасаған мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазір де өзектілігін жоймағанын жазған болатын. Осы жөнінде білім жүйесіне қатысты Абайды дәріптеудің өскелең ұрпаққа маңызы зор екендігін ұстаздар ақын туындыларынан мысал келтіре отырып, дәйекті сөздермен дәлелдеді. Абай әлемін жас ұрпаққа дәріптеуге арналған колледжішілік іс-шаралардың жоспарлары құрылып, ұжым мүшелері бірнеше оқытушыны аталмыш шараларға жауапты етіп тағайындады. Ұлы ойшылдың 175 жылдық торқалы тойына арналған мәдени жиындарда әрбір колледж оқытушысының белсенділік танытуы қажет екендігі айтылып, жиын қорытындыланды.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжі директордың
оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Б.Қ. Маркабаева