«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ТАРИХЫ»
16 желтоқсан – қазақ елінің асқақ арманы орындалып, жасампаздығы жаңа белеске көтерілген Тәуелсіздік күні. Аталмыш мерекеге орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінде «Ұлы даланың ұлы тарихы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Ел еркіндігі мен азаттығы жолындағы ұлы тарих тауқыметі мен айтулы мерекенің маңызын жас ұрпаққа түсіндіру мақсатында өткен жиынға колледж директоры, оқу орда оқытушылары мен студенттері қатысты. Салтанатты жиында еліміздің көк туы желбіреп әнұран шырқалды. Шара аясында өз саласының үздік оқытушылары колледж директорының алғыс хатымен марапатталды. Жиын шымылдығын ашқан колледж директоры.
С.Н.Әлібек сөз кезегінде тәуелсіздік ата -бабамыздың асқақ арманы орындалып, жасампаздығымыз жаңа белеске көтерілген айтулы күн екендігін атап өтті. «Ел еркіндігін баянды ету білімді жастардың қолында, сондықтан әрбіріміз ел болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз қажет, сонда ғана көк туымыз әрқашан көкте желбірейді» деп, жиналған қауымды ұлық мерекемен құттықтады. Колледж білімгерлерінің патриоттық өлеңдерімен жалғасқан салтанатты шара шеңберінде ел рухын көтеретін ән айтылып, әсерлі күйлер шертілді. Колледж белсенділері тарихы тереңде жатқан ұлы дала елінің еркіндік жолындағы ауыр күресін бейнелейтін көрініс қойды. Жоңғар шапқыншылығынан бастап, еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтауға жандарын құрбан еткен тарих беттеріндегі ақтаңдақтарымыздың ұлт болашағы жолындағы ерен еңбектері қойылымда түгел көрініс тапты. Еңсесін тіктеген егемен елдің тұтас тарихынан сыр шертетін көрініс оқытушылар мен студенттердің ұлттық рухын бір серпілтіп алды. Аз уақыт ішінде ел мүддесін бір мақсатқа біріктіріп, адам таңқаларлықтай жетістіктерге жеткен қазақ елінің жаңа заманда әлем халықтарының алдындағы беделі мен абыройы асқақтап тұр. Сонымен қатар қазіргі Қазақстан бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқарып, бүгінде бірлік пен қауіпсіздік мекеніне айналып отыр. Осындай ел мәртебесін паш ететін мәліметтерге толы әсерлі бейнеролик тамашаланды. Жиын соңы «Мен қазақпын» әнін жиын қатысушылары мен қонақтарының қосыла орындауымен қорытындыланды. Салтанатты жиыннан рухтанып қайтқан көпшілік мерекелік көңіл-күймен тарқасты.