Жаңалықтар
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ- ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ КЕПІЛІ
10.10 2018 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының оқытушылары Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылады. Келелі кеңесті ашқан орталық басшысы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек Жолдаудағы қарқынды өзгерістер дәуіріне қадам басқан еліміздің алдағы жылдары атқаруға тиісті қадау-қадау 6 міндет-мақсаттарына толығырақ тоқталып өтті.
Өз кезегінде оқу орталығының аға оқытушысы Қ. Мырзабеков келесі жылдан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру (28 мыңнан 42 мыңға дейін), 270 мыңға тарта бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айлық жалақысын 35 пайызға көтеру мақсатында алдағы 3 жылдың көлемінде жыл сайын 96 миллиард теңгенің қарастырылып отырғаны да сала мамандарына жасалып отырған шынайы қамқорлық екенін тарқата түсіндірді.
Ал баяндама жасаған философия ғылымдарының докторы Б.Изенбаев Жолдаудағы оң қадамдарды санамалап беріп, мемлекеттік қамқорлықтың балабақшадан басталып, ЖОО-ны бітірген жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесінің көтерілуін жөн санайтындығын жеткізді.
Сондай-ақ аға тәлімгер А. Жанбай алдағы 5 жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына ІЖӨ-нің 10 пайызын бөлуге қол жеткізу, білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеу, мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылау қондырғыларымен қамтамасыз ету, мектептеріміздегі үш ауысымды оқытуды түбегейлі тоқтатып, ең бастысы, 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, оны өмір тынысына ендірудің берері аз болмайтындығын айтты.
Талқылау соңы пікіралмасуға ұласып, жиынды қорытындылаған оқу орталығының басшысы С. Әлібек ЖОО-ларды ірілендіру саясатын қолға алу, Назарбаев университетінің тәжірибесіне сүйене отырып, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тартумен жаһанның іргелі оқу орындарымен тығыз әріптестік және достық қарым-қатынасты бұдан да әрі күшейте түсудің еліміздегі білім саласының өз жолымен жүріп келе жатқанын дәлелдейтінін жеткізді.Сонымен қатар ол Елбасы Жолдауын барлық топ тыңдаушыларымен тәрбие сабақтарында талқылауды тапсырды.
Ұстаздар қауымы да бір кісідей жұмылып, Елбасымыздың Жолдауда айқындап берген межелі міндеттерді жүзеге асыруға үлестерін қоса беретінін айтты.