Жаңалықтар
Zoom бағдарламасы арқылы онлайн форматта мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды
Бүгін М.Әуезов атындағы оқу колледжі білім алушыларының ата-аналарымен Zoom бағдарламасы арқылы онлайн форматта мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға 120 ата-ана қатысып, белсенділік танытты.
Алдымен «Ата-ана мен колледж: тұлға тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік» тақырыбында ата-аналар жиналысы және тренинг сабағы өткізілді. Іс-шара барысында студенттердің тәртібі мен үлгерімі, білім сапасын арттыру жолдары, сондай-ақ отбасы мен колледж арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Тренинг форматында өткен кездесуде ата-аналар өз пікірлерін білдіріп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, қолдау көрсету және сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы туралы ой бөлісті. Колледж әкімшілігі мен оқытушылар құрамы ата-аналармен бірлескен жұмыстың нәтижелі болатынын атап өтіп, ортақ мақсат – саналы, білімді, тәрбиелі тұлға қалыптастыру екеніне тоқталды.
Сонымен қатар «Мерейлі отбасы тәжірибесі: жастарға өнеге, қоғамға үлгі» тақырыбында үлгілі отбасылармен онлайн кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында отбасылық құндылықтарды нығайту, өзара құрмет пен сыйластық, отбасы мүшелерінің тең құқықтары және ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Үлгілі отбасылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға өнеге болатын тағылымды әңгімелер айтты.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасы мен білім беру ұйымы арасындағы байланысты күшейту, жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру және қоғамға пайдалы, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу.
Осындай кездесулер ата-ана, ұстаз және студент арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттырып, ортақ мақсатқа жетуге үлкен үлес қосады.



