Жаңалықтар
"Тігін және дизайн" ПЦК апталық
«Шеберлікке жол – мамандыққа құрмет» атты апталық
М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінде 20.10.2025ж – 31.10.2025ж аралығында «Тігін және дизайн», «Электрмен қамтамасыз ету» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» пәндік-циклдік комиссияларының бірлескен «Шеберлікке жол – мамандыққа құрмет» атты апталығы өз бастауын алды.
Апталықтың мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, студенттердің кәсіби шеберлігін дамыту және оқытушылар мен студенттердің шығармашылық ынтымақтастығын нығайту.
Апталықтың алғашқы іс-шарасы — салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Іс-шара барысында колледж басшылығы мен оқытушылар ұжымы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Оқытушылар қауымы апталыққа ресми түрде шақырылып, алдағы күндерге жоспарланған бай мазмұнды іс-шаралар тізімімен таныстырылды.
Студенттер өз жетекшілерімен бірге дайындаған жобалық және шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Көрмеде тігін бұйымдары, заманауи дизайн үлгілері, электрмен қамтамасыз ету бағытындағы тәжірибелік макеттер және аспаздық өнер туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Апталық барысында әр мамандық бағыты бойынша шеберлік сабақтары, кәсіби байқаулар, тәжірибелік тренингтер мен шығармашылық көрмелер өткізіледі. Бұл апталық — студенттердің кәсіби әлеуетін айқындап, олардың таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды шара.
Ашық сабақтардың басталуы
2025 жылдың 20 қазанында «Тігін және дизайн», «Электрмен қамтамасыз ету» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» пәндік-циклдік комиссияларының бірлескен «Шеберлікке жол – мамандыққа құрмет» атты апталығы өз жұмысын бастады. Апталықтың алғашқы күні студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған бірқатар ашық сабақтармен басталды.
«Арнайы киімдерді өңдеу барысындағы ақаулармен жұмыс жасау» тақырыбындағы ашық сабақты Әбілхаймқызы Лаура «Гаухар» тігін фабрикасы базасында ТК-25-1к тобының қатысуымен өткізді. Сабақ барысында студенттер өндірістік жағдайдағы жиі кездесетін ақауларды талдап, оларды түзету тәсілдерін тәжірибе жүзінде орындады.
Сондай-ақ, Жолаева Назыгүл Калижановнаның жетекшілігімен «Балалар киімінде сәндік элементтерді тігу (кесте, апликация, түйме, бау)» атты ашық сабақ өтті. Студенттер сәндік безендірудің түрлі техникасын меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Оқу үдерісін өндіріс орнымен ұштастыру арқылы өткізілген бұл сабақтар студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруға және мамандыққа деген қызығушылығын дамытуға бағытталды. Апталық аясында алдағы күндері түрлі шеберлік сағаттары, көрмелер және кәсіби байқаулар жоспарланған.
«Шебер қолдар: доккер жасаудың қыр-сыры»
«Тігін және дизайн», «Электрмен қамтамасыз ету» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» пәндік-циклдік комиссияларының бірлескен «Шеберлікке жол – мамандыққа құрмет» атты апталығы өз жалғасын табуда.
Аталған апталық аясында 29 қазан 2025 жылы сағат 09:55-те «Тігін және дизайн» бағыты бойынша Умешова Майра Амрешовна жетекшілігімен ТК-24-1к тобына арналған «Шебер қолдар: доккер жасаудың қыр-сыры» атты шебер сынып өтті.
Сабақ барысында студенттер доккер жасаудың технологиялық кезеңдерімен, қажетті материалдар мен құралдарды қолдану тәсілдерімен танысты. Оқытушы тәжірибелік жұмысты қадам-қадаммен көрсетіп, бұйымды дайындаудағы нақтылық пен ұқыптылықтың маңыздылығын атап өтті.
Шебер сыныптың мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, кәсіби дағдыларын жетілдіру және қолөнер арқылы эстетикалық талғамын арттыру. Іс-шара жылы атмосферада өтіп, қатысушылар өз қолымен жасалған бұйымдарға үлкен қызығушылық танытты.
Жеңіл өнеркәсіп – бизнес бастаудың қайнар көзі
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінде өтіп жатқан «Шеберлікке жол – мамандыққа құрмет» атты апталық аясында студенттердің кәсіби және шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған іс-шаралар жалғасуда.
29.10.2025ж күні сағат 13:30-да «Тігін және дизайн» ПЦК оқытушысы Жолаева Назыгүл Қалижановна жетекшілігімен ТКн-23-31к тобына арналған «Жеңіл өнеркәсіп – бизнес бастаудың қайнар көзі» тақырыбында шебер сынып өткізілді.
Іс-шара барысында жеңіл өнеркәсіп саласындағы қазіргі заманғы үрдістер, жеке іс ашу жолдары мен кәсіпкерлік дағдылар талқыланды. Оқытушы студенттерге тігін және дизайн саласында өз кәсібін бастауға қажетті алғашқы қадамдар мен табысты шебердің кәсіби қасиеттері туралы практикалық кеңестер берді.
Шебер сыныптың мақсаты – студенттерге кәсіпкерлік көзқарас қалыптастыру, өз мамандығы арқылы табысқа жету жолдарын көрсету және отандық өндірістің дамуына үлес қосуға ынталандыру.
«Күзгі асар» көрмесі
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінде өтіп жатқан «Шеберлікке жол – мамандыққа құрмет» атты апталық аясында 30 қазан 2025 жылы сағат 11:25-те дәстүрлі «Күзгі асар» атты шығармашылық көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге ТКн-23-1к, ТКн-25-1к, ББ-23-2к, ББ-23-3к, топтарының студенттері белсене қатысты. Іс-шараны «Тігін және дизайн» ПЦК оқытушылары Жолаева Назыгүл Қалижановна мен Әбілхаймқызы Лаура ұйымдастырды.
Көрмеде студенттер өз қолдарымен жасаған бұйымдарын, сәндік киім үлгілерін, қолөнер және декоративті композицияларын көпшілік назарына ұсынды. Әр топтың шығармашылық жұмыстары эстетикалық талғаммен безендіріліп, күз мезгілінің табиғи сұлулығын және еңбектің қадірін бейнеледі.
«Күзгі асар» көрмесі студенттердің көркемдік көзқарасын дамытуға, ұжымдық жұмысқа баулуға және мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды. Іс-шара жылы әрі шығармашылық рухта өтті.
 
                  
						 
                  
						 
                  
						









