ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ!
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжі және дайындық орталығының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында 29 қараша күні «Қазіргі Қазақстан Елбасының көшбасшылығының сабақтары» тақырыбында кездесу болып өтті. Жиынға Елбасының курстасы және 4 жыл бірге қызмет жасаған Сапарбаев Ермантай мен 1958-1960 жж Украина Днепродзержинский қаласындағы №8 Техникалық училищеде «Домна пештері» мамандығы бойынша Елбасымен бірге білім алған Спаев Тельман қатысты. Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан да айтулы күнге арналған іс-шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір тарихынан, еңбек жолынан сыр шертетін бейнероликпен басталды. Білімгерлердің сұрақтарына жауап берген Спаев Тельман Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған шақтарын есіне алып, Елбасы жайлы бұрын естімеген әдемі естеліктерімен бөлісті. Өскелең ұрпаққа Тұңғыш Президенттің қазақ елі үшін жасаған еңбегін дәріптеп, халықтық мерекенің маңызы жайлы сөз қозғады. Өнегелі пікір алаңына ұласқан жиында оқу орын дарынды жастарының арнау жырлары оқылды. Колледждің белсенді студенттері кеш қонақтарына өз өнерлерін көрсетіп, шара мерекелік концертке ұласты. Колледж директоры С.Н.Әлібек өз сөзінде Тұңғыш Президент күні тағылымын тағы бір түйіндеп, жиын қонақтарына алғысын білдірді.